Радиотехника, электроника және телекоммуникация

5В071900 – «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандығы»

Бүгінгі таңда байланыс, ақпарат тарату саласы үлкен жаңалықтарға толы. Радиобайланыс және телекоммуникациялар жүйелері ғылым мен техниканың жетістіктері мен озық үлгілерін заман талабына сай үндестіріп, қарышты дамуда.
Жылжымалы байланыс, жерсеріктік байланыс, радиохабар және теледидар, компьютер және ақпарат жүйелері, ғаламды Internet желісі сынды ақпарат құралдарынсыз қазіргі өмірімізді елестету мүмкін емес. Мұның бәрі – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандығын игерген түлектердің қызмет атқаратын саласы. Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар саласы мамандарының қызметіне телекоммуникациялар, радиобайланыс, теледидар, радиохабар, радиолокация мен навигация, радиобасқару, жылжымалы байланыс, телевизиялық және дыбыс белгілерін радиотарату мен радиохабарлау, микробақылаушы және микроЭЕМ көмегімен басқарылатын жүйелер мен электронды және компьютерлі жүйелер кіреді.


Біздің мамандық түлектері - байланыс тораптары мен коммутациялау жүйелері, көпарналы телекоммуникацилық жүйелер, радиобайланыс жүйелері мен құрылғылары, оның ішінде радиорелейлік, жерсеріктік және жылжымалы байланыс жүйелері, дыбыс және теледидар хабарларын таратудың, мультимедиялық техниканың жүйелері мен құрылғылары, электронды жүйелерді, соның ішінде беріліс объектілерін басқарудың, ақпаратты өңдеу мен жаңғыртудың электронды жүйелері, телекоммуникациялық жүйелерде және тораптарындағы ақпараттық қауіпсіздік құралдарын пайдаланатын мемлекет экономикасының барлық салаларында қызмет ете алады.
Бүгінде - «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының түлектері: «Қазақстан» РТРК, «Хабар» Агенттігі, Алматы облыстық телекоммуникация дирекциясы, «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, «Алтел» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Алматытелеком» ҚТО, «ALOOTelecom» ЖШС, «Алси» ЖШС, «DosTelecom» ЖШС, «Astel» ЖШС, «Мобаил Телеком Сервис» ЖШС, «НҰРСАТ» АҚ, «ИНФРА-КОМ» ЖШС, «VIDEOSECURITY.kz» ЖШС, «КазНипиэнергетикиисвязь» ЖШС, «Kaztranscom» АҚ, «Техническое бюро» ЖШС, «Аларм Систем» ЖШС, «Базис телеком» ЖШС сынды мекемелерде қызмет етеді.

Жоғарыда аты аталған мекемелерде ұйымдастырушылық және эксплуатациялық қызметке машықтану мақсатында студенттер түрлі тәжірибеден өтеді.
Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бакалаврының түлектері қашанда үлкен сұранысқа ие. Қазақстан телекоммуникациясының ұлттық желісін жаңарту мен кеңейту, жаңа талшықты – оптикалық тораптарын салу, жаңа цифрлі АТС–ті іске қосудың маңызды міндеттерін шешу осы мамандардың еншісінде болмақ. 2020 жылға қарай Қазақстан Жер орбитасына бес байланыс жерсерігін шығаруды болжап отыр, бұл жерсеріктік байланысты дамытуға кең мүмкіндік береді. Заман талабына сай еліміздің электроэнергетикалық саласын жаңарта отырып, заманауи телекоммуникацияларды еркін енгізу, сонымен қатар ғаламдық корпоративтік ақпарат желісін құру негізінде жүргізілетін келелі мәселелерде де олар белсенді үлес қосатын болады.
«Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының студенттері ғылым мен білімді, теория мен практиканы, оқу мен қоғамдық жұмысты білікті ұштастырады.
«Радиоэлектроника және есептеу техникасы» кафедрасы үшін көкейтесті мақсаттардың бірі студенттерді одан әрі кафедраның ғылыми тақырыптарын жасауға баулу, студенттерді шетелде оқыту үшін қажетті дайындық, сонымен қатар пәндік олимпиадаларға және республикалық ғылыми жобалар сайыстарына қатысуға қажетті жұмыстар жүргізу. 
 

Пәндер каталогы